Бүгін Шығыстың бас шаһарында тағы бір жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 300 орындық білім шаңырағы Өскеменнің Бабкина Мельница ауылында орналасқан, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл ауылда бұрын-соңды мектеп болмаған. Жергілікті балалар орталыққа автобуспен қатынап оқитын. Кейінгі жылдары мұндағы халық саны көбейіп, демографиялық ахуал жақсара түскенде бір білім ордасын салу қажеттігі туындады. Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов ауыл тұрғындарымен кездескенде көптің көкейіндегі бұл мәселенің түйінін шешуге ықпал ететінін айтқан. Көп ұзамай «Келешек мектептері» жобасымен білім мекемесі ірге көтеріп, бүгін міне лентасы қиылды. Ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Оқушылар мен педагогтар да мәз.

Осы ауылда ежелден тұрамыз. Төрт баланың анасымын. Екі балам Сограда және орталықтағы №1 мектепте оқыды. Автобуспен ары-бері тасып қиындық көретінбіз. Әсіресе, қыстыгүні аязда балалар автобусқа сыймай қалатын кездер жиі болатын. Енді жақсы болды, екі балам осында оқиды. №3 мектептен ауыстырып алдым. Президентімізге, облыс, қала басшыларына рақмет, халықтың үніне құлақ асып, осындай зәулім мектеп салып берді. Жаңа мектептің ішінде бәрі бар екен. Балалардың білім алуына, шығармашылығын шыңдауға, спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Қуаныштымыз, – деді Бабкина ауылының тұрғыны Шынар Рыспаева.

Кейінгі жылдары қолға алынған білім беру саласындағы цифрлық трансформация мен заманауи талаптар еліміздегі оқу ордаларының бет-бейнесін түбегейлі өзгертті. «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен бой көтеріп жатқан мұндай мекемелер білім беру орталығы ғана емес, сонымен қатар оқушылардың жан-жақты дамуына арналған зияткерлік кеңістікке айналды. Мұнда дәстүрлі пән кабинеттерінен бөлек оқушылардың зерттеу дағдыларын, шығармашылық қабілетін және технологиялық сауаттылығын арттыратын арнайы кабинеттер де жұмыс істейді. Олардың ішінде STEM зертханасы, роботты техника кабинеті, цифрлық кітапхана және IT-кабинет, медиастудия немесе креативті студия сынды білім мен өнерді шыңдайтын орталықтар қарастырылған.
Мектебіміз 300 орынға арналған. Қазірдің өзінде 200-ден астам бала тіркелді. Құжат қабылдау әлі де жалғасады. Тағы келем деушілер бар. Мұнда Бабкина Мельница, Шмелев Лог ауылдары мен Арматурный, Гавань аудандарының балалары қазақ және орыс тілдерінде оқиды, яғни аралас. Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуына, тұлға ретінде қалыптасуына, өнермен, спортпен шұғылдануына, шығармашылықты шыңдауына жағдай жасалған. Тек ерінбей еңбектенсе болды. Спорт залы қандай керемет, ішін көрсеңіз балалармен бірге доп ойнағыңыз келеді. Арнайы кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. STEM зертхана, роботты техника кабинеттері бар, әр сыныпқа интерактивті тақта қойылған. Жаңадан автобус тарту етті. Осының бәрі мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығы, – деді физика және информатика пәнінің мұғалімі Эльвира Тоқбаева.
Кабинеттер жарық әрі жайлы. Құрал-жабдықтар тегіс жаңа, сапалы жасалған. Асханасы мен шеберханасы жайнап тұр, спорт және акт залдары кең. Бұдан артық не керек?!

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит ата-аналар мен балаларды, ұстаздар қауымын жаңа мектептің ашылуымен және оқу жылының басталуымен құттықтады.
Баршаңызды Білім күнімен құттықтаймын! Бүгін бірінші сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндер үшін маңызды күн, олар жаңа мектептің табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Қаламыз жылдан-жылға өркендеп, дамып, халқының саны көбейіп жатыр. Соған сәйкес әлеуметтік нысандар да көптеп салынуда. Биылдың өзінде облыс орталығында үш мектеп салынды, оның екеуі 19-шы шағын ауданда болса, біреуі Бабкина Мельница ауылындағы осы білім ұясы. Мұнда заманауи кабинеттер, стандартқа сай құрал-жабдықтар бар. Осының бәрі балалардың алаңсыз білім алып, дамуы үшін жасалып жатыр, – деді Ирина Смит.




