Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандықтардың шетелге жұмыс істеуге шығуы, оның ішінде жеміс-жидек теру, жасыл шөптерді буып-түю сияқты маусымдық жұмыстарға баруы туралы айтып берді, деп хабарлайды F16.kz.
Оның пікірінше, адамдардың шетелге барып маусымдық жұмыс істеу тәжірибесін қалыпты жағдай ретінде қабылдау керек.
Әрбір азамат шетелде демалуға немесе жұмыс істеуге құқылы, әрине егер бұл өзіне қызықты болса. Бұл оның өзіне де, Қазақстанға да пайдалы, – деді Жақыпова.
Ведомство басшысы еңбек көші-қоны қазақстандықтарға жаңа дағдыларды меңгеруге, басқа елдердің технологиялары мен тәжірибесін үйренуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал министрлік азаматтардың шетелде заңды жұмыс істеуіне, әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізуіне және алаяқтардан қорғалуына қолдау көрсетіп, барлық тиісті шараларды қабылдап жатыр.
Басты міндет – азаматтардың шетелде қауіпсіз жұмыс істеп, мол тәжірибе мен білім жинап Қазақстанға аман-есен оралуы үшін оларды заңды түрде жұмысқа орналастыруды және барлық құжаттарын толық рәсімдеуді қамтамасыз ету, – деді министр.




