Алматылық «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Ол өз алаңында өткен қарымта матчта Шотландияның «Селтик» командасынан пенальти сериясында басым түсіп, тарихи жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды F16.kz.
Қос команда арасындағы екі ойын да 0:0 есебімен тең аяқталды. Жеңімпаз матчтан кейінгі пенальти сериясында анықталды. Бұл кезеңде «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбековтің шеберлігі ойын тағдырын шешті. Ол үш пенальтиді қайтарды. Сөйтіп, іріктеу ойындарында Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС (0:2, 3:0), Словакияның «Слован» (1:0, 0:1, пенальтиден 4:3) командаларын тізерлеткен «Қайрат» шешуші матчта «Селтіктен» айласын асырды. Жолдама қалтада.
Алматылық клубтың ендігі қарсыластары кім болатынын 28 тамызда өтетін жеребе тарту рәсімінен кейін білеміз. Қалай десек те биыл күзден келер жылдың ақпанына дейінгі аралықта Еуропаның ең үздік бірнеше командасы Қазақстанға келіп өнер көрсетеді. Олардың қатарында атағы жер жарған мадридтік «Реал» мен Испания чемпионы «Барселона», ағылшындық «Ливерпуль», «Манчестер Сити», «Арсенал», француздық «Пари Сен-Жермен», италиялық «Интер», «Наполи», «Ювентус» сынды әйгілі клубтар болуы мүмкін. Топтық кезеңдегі сегіз матчтың төртеуі Қазақстанда өтеді.
Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткен «Қайрат» жолдамамен бірге қомақты қаражатқа ие болғанын айта кету керек, Осы жеңісі үшін алматылық клуб шамамен 11,7 миллиард теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Одан бөлек топтық кезеңдегі әр жеңіс үшін — 2,1 миллион еуро, тең ойын үшін — 750 мың еуро көлемінде сыйақы алды.




