Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметов Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясы президенті қызметінен кеткеннен кейін ұйымның мойнында 100 млн теңгеден астам берешек қалған. Бұл туралы Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық жарыс алдында өткен баспасөз жиынында айтылды, деп хабарлайды F16.kz.
Ахметов федерация басшылығынан 2024 жылдың желтоқсанында кеткен еді. Осыдан кейін-ақ ұйымның қаржылық жағдайы нашарлап, елеулі қарыздар анықталған. Туындаған мәселелер туралы Sportarena.kz тілшісі жаңа басшылыққа қойды. Бірақ федерацияның жаңадан сайланған президенті, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова пікір білдіруден бас тартты. Есесіне бас хатшы болып тағайындалған Келбет Нұрғазина жағдайды растады және қарыздан құтылу үшін тиісті жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.
Иә, бізде алдыңғы жылдан қалған берешектер бар. Бұл проблемаларды Туризм және спорт министрлігімен бірлесе отырып шешіп келеміз. Қазір қарыздың бір бөлігі өтелді, қалғанын кезең-кезеңімен жабамыз, — деді ол.
Еске сала кетейік, Даниал Ахметов 2018 жылдан бастап Қазақстан жеңіл атлетика федерациясын басқарды. 2024 жылдың 11 желтоқсанында өткен қорытынды жиында ол өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, ұйымды басқаруға Ольга Рыпакованы ұсынды. Жиналысқа қатысқан барлық делегаттар ұсынысты қолдады.




