Шығыстың бас қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған облыс әкімінің дәстүрлі шырша мерекесі ұйымдастырылды. Мерекелік кеш балаларды шаттыққа бөлеп, қиял-ғажайып ертегі әлеміне сапар шектірді, деп хабарлайды F16.kz.
Облыстың түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған 150 бала бұл кеште түрлі ертегі мен мультфильм кейіпкерлерінің образына енді, біреуі өрмекші адам, енді бірі сайыпқырап ноян, тағы бірі сұлу ханшайым болып киініп алған. Өздері тым көңілді әрі белсенді. Әуелетіп ән салады, би билейді, тақпақ айтады. Бәрінің көңілі көтеріңкі, мәз-мейрам. Олардың бал-бұл жанған жүзін көріп ата-аналары да бірге қуанып жүр. «Қуантсаң, баланы қуант» деуші еді атам қазақ, қапысыз айтылған сөз.
Балалар қызықты театрландырылған қойылымды, қуыршақтар спектаклін тамашалап, мерекелік ойындарға белсене қатысты.
Жаңа жыл кешінің шарықтау сәтінде балалар Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен бірге жасыл шыршаны айнала ән салып, мерекені тойлады. Аймақ басшысы балақайларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Қымбатты балалар! Тарихымызды танып, білімге құштар болып өсіңіздер. Сіздерге зор денсаулық, бақытты балалық шақ пен болашаққа деген сенім тілеймін, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, мерекелік шара соңында шыршаға қатысқан барлық 150 балаға бағалы сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, әр балаға 150 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат пен жаңа жылдық тәттілер үлестірілді.
Мұндай игі бастама балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамда мейірім мен қамқорлықтың маңызын арттыра түседі.




