Облыс әкімдігінде өткен жиында 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратов соңғы көрсеткіштерге тоқталды.
Екі айдағы жеке инвестициялар көлемі шамамен 80 млрд теңгеге жуықтайды. Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі 30 млрд теңгеден аспақ. Сондай-ақ көтерме сауда, бөлшек сауда мен құрылыс жұмыстарының көлемін өсіруді жоспарлап отырмыз, — деді ол.
11,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 103% деңгейінде көтерілмек. Ал өңдеу өнеркәсібінде 380 млрд теңгеден асатын өнім өндіру жоспарланған. Яғни, жоспар толық орындалмауы мүмкін.
Облыс әкімі көрсеткіштерді орындамай жатқан қала, аудан әкіміне ескерту жасап, бұл бағыттағы жұмыс қарқынын күшейту қажеттігін айтты.
Ауыл шаруашылығы басқармасы қала және аудан әкімдерімен бірлесіп агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуі тиіс. Сондай-ақ әкімдер мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармаларымен бірлесіп, жоспарланған құрылыс жұмыстары көлеміне қол жеткізуді қамтамасыз етуі керек, — деді Нұрымбет Сақтағанов.




