Шекаралық аудандарда халықтың үдере көшуі тоқтамай тұр. Иесіз қалған ауылдар жойылып кетпеуі үшін шалғай ауылдардың әлеуетін арттыру өте маңызды. Осы ретте медициналық қызметтердің қолжетімді болуы да тұрғындар үшін үлкен рөл атқарады, деп хабарлайды F16.kz.
Қазіргі күні Катонқарағай ауданында дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін басқа қалалардан мамандар тартылып жатыр.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен, шалғайдағы аудандарға дәрігер мамандарды тарту бағдарламасы аясында Астана, Шымкент қалаларынан аудандық ауруханаға 7 маман жұмысқа келді. Хирург, терапевт, акушер-гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер, көз, реаниматолог дәрігерлер аудан медицинасының әлеуеті мен тұрғындар санының артуына үлес қосты, — делінген аудан әкімдігінің мәліметінде.
Мемлекеттік қолдау шараларынан бөлек, ақхалаттылар жергілікті әкімдік тарапынан тұрғын үймен қамтылды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қазан айында Шымкент қаласында өткен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінің нәтижесінде Шымкенттен 68 отбасы, Сарыағаш ауданынан 24 отбасы Катонқарағайға көшіп келуге ниет білдіріп отырғанын жазғаныбыз.




