Өскеменде Онкология және хирургия орталығының қызметкерлері жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері медицина ұжымымен кездесіп, құжаттағы негізгі өзгерістерді түсіндірді.
Ашық форматта өткен жиында қоғам сұранысына жауап беретін және адам құқықтарын қорғауды күшейтетін нормалар кеңінен талқыланды. Әсіресе денсаулық сақтау саласына қатысты баптарға ерекше назар аударылды. Жобаға сәйкес, мемлекет азаматтардың денсаулығын қорғау жөніндегі жауапкершілігін күшейтіп, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз ету міндетін нақты бекітеді.
Сонымен қатар медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету конституциялық деңгейде айқындалмақ. Бұл азаматтардың табысы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, базалық медициналық қызметтерге тең қол жеткізуіне берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Жалпыұлттық коалиция мүшесі Олжас Нуралдиновтің айтуынша, жаңа Конституция – ел болашағына бағытталған стратегиялық құжат.
Денсаулық сақтау – қоғамның ең өзекті саласы. Азаматтардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі мен әлеуметтік кепілдіктердің нақты айқындалуы халықтың әл-ауқатын арттыруға және жүйелі мәселелерді шешуге ықпал етеді, – деді ол.
Кездесуде медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы да кеңінен сөз болды. Жаңа Конституцияның 27-бабында медицина мамандарына қауіпсіз әрі санитарлық-гигиеналық талаптарға сай еңбек жағдайына құқық беру кепілдігі қарастырылған. Бұл мемлекет пен жұмыс берушілерге медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау, кәсіби тәуекелдерді азайту және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты міндет жүктейді.
Шығыс Қазақстан өңірлік коалициясының мүшесі Анжела Горнастаева жаңа нормалардың маңызын атап өтті.
Бұл – жай ғана заңдық түзету емес, адам өмірі мен денсаулығын мемлекеттің басты құндылығы ретінде мойындаудың нақты көрінісі. Әсіресе онкология саласында еңбек ететін мамандар үшін мұндай кепілдіктер аса маңызды, — деді ол.
Орталықтың бас дәрігері Гүлмира Сагидуллина да ұжым атынан қолдау білдірді. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласының конституциялық деңгейде қорғалуы медицина қызметкерлеріне сенімді тірек болады және саланың тұрақты дамуына жол ашады.
Кездесу соңында қатысушылар жаңа нормаларды халыққа кеңінен түсіндірудің маңызын атап өтті. Ашық диалог қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, реформалардың мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді.




