Жаңа оқу жылынан бастап ел мектептерінде стоматологиялық кабинеттер жұмыс істей бастады, деп хабарлайды F16.kz порталы Оқу—ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін нығайту, құқықтарын қорғау және үйлесімді дамуына жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынғанын айта ету керек.
Сонымен қатар білім беру мекемелерінде тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Енді мектептің ас мәзірін ұйымдастыру мен оның сапасын бақылау міндеті денсаулық сақтау ұйымдарына берілді.
АРНАЙЫ КАБИНЕТТЕРДЕ ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ?
Қазір тіс ауруларының алдын алу кабинеттері 150 мектепте ашылды. Жыл соңына дейін тағы 90 кабинет ашу жоспарланған. Ал 2028 жылға дейін мектептерде 1000 стоматологиялық кабинет іске қосылмақ. Бұл бастама оқушы саны мыңнан асатын ірі білім беру ұйымдарын қамтиды. Бірінші кезекте «Келешек мектептері» тұр. Бұл кабинеттерде оқушыларға алдын алу мақсатындағы стоматологиялық көмек көрсетіледі, ауыз қуысы ауруларын ерте диагностикалау жүргізіледі және санитарлық-ағартушылық жұмыстар ұйымдастырылады.
ТҰЗ БЕН ҚАНТҚА ШЕКТЕУ БАР
1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты күшіне енді. Бұл стандартта алғаш рет тұз бен қанттың мөлшеріне шектеу белгіленді.
Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің бастамасы былтырғы оқу жылынан бастау алған. Сол кезде мектептегі тамақ сапасына бақылау күшейтілді. Жаңа талаптарға сәйкес, күн сайын мәзірдің дайындалу сапасын тексеруге мектеп мейірбикелері де тартылды.




