Қазақстан аумағына кірген әрбір шетелдік туристке арнайы QR-коды бар туристік карта беріле бастады, деп хабарлайды F16.kz порталы ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Мұндай карталар шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еліміздің туристік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі. Қазір шетелдік қонақтардың жайлылығы үшін safetravel.kz мобильді платформасы іске қосылды.
Сонымен қатар туристік карталар Астана мен Алматыдағы халықаралық әуежайларда, сондай-ақ Түркістан облысындағы «Қапланбек» шекаралық бақылау бекетінде таратылып жатыр. Бұл бастама алғашқы кезеңнің өзінде оң нәтижесін көрсетті.
Туристік картадағы QR-код арқылы көптілді ақпараттық порталға өтуге болады. Онда мынадай маңызды мәліметтер ұсынылған:
Полициямен жедел байланыс орнатуға арналған «102» мобильді қосымшасын жүктеу бойынша кеңестер (соның ішінде төтенше жағдайлар кезінде «SOS» батырмасы арқылы көмекке шақыру мүмкіндігі);
- Шетелдіктердің тіркеу тәртібі мен көші-қон ережелеріне қатысты жадынама;
- Жол ақысының орташа бағасы көрсетілген такси сервистері мен қосымшалар тізімі;
- Ұялы байланыс операторлары мен SIM-карталардың орташа құны жөніндегі ақпарат.
Бұл бастама Қазақстанға келген әрбір туристің өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне мүмкіндік береді.




