BI Group компаниясының басшысы, қазақстандық кәсіпкер Айдын Рахымбаев 150 жетекші қызметкеріне «Oura» деп аталатын смарт-сақиналарды сыйға тартты. Адамның денсаулығын, ұйқысы мен күйзеліске төзімділігін бақылап отыратын бір сақинаның құны 400 доллар шамасында, деп хабарлайды F16.kz.
Кәсіпкердің айтуынша, құрылғы ол үшін соңғы жылдардағы «ең құнды дүние» болған.
– Елестетіп көріңізші, кіп-кішкентай сақина ауруларды да анықтай алады – тіпті алғашқы белгілеріне дейін. Күн сайын сақина өз иесіне түрлі ақыл-кеңес беріп, тәртіпке шақырады, өз-өзіңмен жұмыс істеуге итермелеп, жақсара түсуге ынталандырады, – деп жазды Рахымбаев Facebook-тегі парақшасында.
Айта кетейік, «Oura» сақинасы – фин ғалымдарының туындысы. Ол тәулік бойы 20-дан астам метриканы бақылай алады. Оның ішінде жүрек соғысы, дене қызуы, қан құрамындағы оттегі мөлшері, ұйқы фазалары, тіпті адамның биологиялық ырғақтары да бар. Сондай-ақ, сақинаның соңғы үлгілерінде күйзеліске төзімділік пен ұйқыдан кейінгі қалпына келу көрсеткіштері де пайда болған.
– Менің басты ұстанымым – өлшеуге болатын нәрсені ғана жақсартуға болады, – дейді Айдын Рахимбаев. – 5 жылдан бері «Oura» сақинасын тағып жүрмін. Соңғы бір жылда сақинаны жақындарыма, достарыма және BI-дың 150 негізгі басқарушысына сыйладым. Бұл біздің ең қымбат дүниеміз – денсаулыққа салған менің ең арзан инвестициям.




