2026 жылы Қазақстанға тұран жолбарысы мен кертағы (Прежевальский жылқысы) әкелінбек. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Министрдің айтуынша, елде биоалуантүрлілікті сақтау және сирек кездесетін жануарлар түрін қорғау бағытында жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Осы мақсатта биыл арнайы тұжырымдама бекіту жоспарланған. Қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде арқар, жейран, құлан және тоғай бұғысы сияқты сирек кездесетін жануарлар популяциясының саны артып отыр.
Сонымен қатар ведомство басшысы Қазақстанда тұран жолбарысы мен кертағы жылқысын тарихи мекеніне қайта жерсіндіруге бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Прага зообағымен бірлескен ынтымақтастық аясында 2024–2025 жылдары елге 14 кертағы жылқысы жеткізілген. Ал 2026 жылы маусымда тағы 7–8 бас әкелу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Ресеймен жасалған келісімдер шеңберінде жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасы қолға алынған. Аталған жоба аясында келер жылы Қазақстанға 3-4 жолбарыс жеткізіледі.




