Бүгін Қаржы мониторингі агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша тергеп—тексеру департаменті өңірдегі іргелі оқу орындары – Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, С.Аманжолов атындағы ШҚУ және ҚАЕУ-мен бірге цифрлық қауіпсіздік сабағын өткізді, деп хабарлайды F16.kz.
Қоғамның қарқынды цифрлануы адамдардың күнделікті өмірін жеңілдеткенімен жаңа қауіп-қатерлерді де ала келді. Онлайн төлемдер, электронды қызмет пен әлеуметтік желілер адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда интернет ауқымы кеңейген сайын цифрлық қауіпсіздік мәселесі де күрделеніп, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігін талап ететін өзекті тақырыпқа айналды.

Өскемендегі облыстық филармонияның кең залын лық толтырған студенттерге спикерлер интернет алаяқтардан қорғанудың жолдары, цифрлық қауіпсіздік, дипфейк, қаржылық қауіптің алдын алу және тәуекелдермен күрес тақырыптарында дәріс оқыды. Шараға Шығыс Қазақстан облысы бойынша тергеп-тексеру департаментінің бастығы Арман Жүнісов, Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов және басқа да бірқатар лауазым иесі қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Заң және тәртіп” нарративіне байланысты елімізде жастарға арнап цифрлық қауіпсіз тақырыбында ашық сабақтар өткізіліп жатыр. Сондай дәріс бүгін Өскемендегі “Ертіс концерт” залында да ұйымдастырылып, оған өңірдегі оқу орындарының студенттері жиналды. Негізгі мақсат – жастарды цифрлық қауіп-қатерден сақтау. Ақпараттық технология қарқынды дамып келе жатқан қазіргі заманда бұл өте өзекті. Ашық сабақта спикерлер цифрлық қауіппен күрес, интернет алаяқтарға қалай тосқауыл қою керек, дропперліктің зардабы сияқты маңызды тақырыптарды қозғайды. Дәріске белсенді қатысқан жастарға қолдау көрсетеміз, болашақта оларды өз қатарымызда қызмет етуге шақырамыз, – деді Арман Жүнісов.

Зал толы жастардың алдында сөз сөйлеген қала әкімі Алмат Ақышов интернет алаяқтықты бүгінгі қоғамның індеті деп атады.
Алаяқтар адам таңдамайды. Олар ешкімнің дініне, нәсіліне, ұлтына, жасына, әлеуметтік жағдайына қарамайды. Бірде бір адам олардан қорғалмаған. Сондықтан мұндай ашық сабақтың маңызы зор. Қазір жастар цифрлық қауіпсіздікті меңгеріп жатыр, ол жақсы. Ендігі сіздердің міндет ата-аналарыңызға, аға буын өкілдеріне интернет алаяқтардан қалай қорғану керектігін үйрету, қауіп-қатерден сақтандыру. Бұл интернет алаяқтық деген қазір қоғамның дертіне айналды. Онымен табандап күресу керек, – деді қала әкімі.
Цифрлық кеңістікте құқықтық тәртіпті сақтау – қазіргі заманның басты міндеттерінің бірі. Себебі киберқылмыстардың сипаты жыл сайын өзгеріп, алаяқтар жаңа схемаларды ойлап тауып, адамдардың сеніміне кіреді. Интернет алаяқтық – ең жылдам таралып жатқан қылмыс түрлерінің бірі. Банктік мәліметтерді ұрлау, әлеуметтік желілер арқылы алдап ақша аударту, жалған онлайн дүкендер құру, фишингтік сілтемелер тарату – бұл қылмыстардың тек бір бөлігі. Мұндай әрекеттердің артуы азаматтардың жеке деректерін қорғаудың маңыздылығын күшейтіп, онлайн қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айқын көрсетіп отыр.

Ашық сабаққа арнайы қонақ ретінде шақырылған блогер Әли-Әскер Байғожин әлеуметтік желілерде әртүрлі роликтер жариялау арқылы цифрлық қауіп-қатердің алдын алуға үлес қосып жүргенін айтты.
Ішкі істер министрлігімен, оның ішінде киберполмен бірге интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында көп ролик жасадық. Сонымен қоса жедел іздестіру қызметіне де қолдан келгенше көмектесіп жүрмін. Мен берген ақпарат негізінде құзырлы органдар Украинада алаяқтардың екі үлкен CaII орталығын әшкереледі. Дәл осылай еліміздің әрбір азаматы бұл мәселеге бейжай қарамай, қылмыспен бірлесе күрессе, шамасы келгенше көмектессе нәтижесі әлдеқайда жақсы болады, – деді блогер Әли-Әскер Байғожин.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Аружан Біржанқызы сала мамандары өткізген дәрістің қызықты әрі пайда болғанын атап өтті.
Бүгін бізге телефонның қауіпсіздігі туралы қызықты мағұлмат берді. Күнделікті өмірде аса мән бермесек те ұялы телефонда біздің қаншама жеке ақпаратымыз сақталады. Спикерлер сол деректерді қалай қорғау керектігін түсіндірді. Парольді сақтау жолын көрсетті. Өз басым біраз дүние үйрендім. Маған ұнады. Осындай шаралар көбірек өткізілсе қоғамның цифрлық сауаты арта түсер еді, – деді ол.
Иә, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру – киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең тиімді тәсілдерінің бірі. Себебі қарапайым сақтық ережелерін білу көптеген келеңсіздіктің алдын алуға мүмкіндік береді. Цифрлық қауіпсіздік – тек техникалық мәселе емес, қоғамдық мәдениет пен жауапкершілікті талап ететін кешенді бағыт. Интернет алаяқтықпен күресте мемлекет, сала мамандары және қарапайым азаматтар бірлесіп әрекет еткенде ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады.
Цифрлық қауіпсіздік тақырыбында өткен ашық сабаққа келген студенттер мен құрметті қонақтар филармония фойесінде ұйымдастырылған тақырыптық көрмені тамашалады.




