Биылғы 30 желтоқсан мен келер жылғы 4 қаңтар аралығында ел аумағында қолайсыз ауа райы сақталады. Бірқатар өңірде қар жауып, боран соғуы мүмкін, ал кей өңірлерде ауа температурасы күрт өзгеріп, тұман түсіп, көктайғақ болады деген болжам бар, деп хабарлайды F16.kz.
Күннің күрт құбылуы әсіресе, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін.
Ең қауіпті учаскелер елдің солтүстік, орталық және батыс өңірлерінде болады. Аталған аймақтарда қар борап, көріну қашықтығы қысқарып, жол бетіне қабыршақ мұз қатуы ықтимал. Ал оңтүстік өңірлерде түнгі және таңғы уақыттарда көктайғақ болып, қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін.
Осыған байланысты жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Мереке күндері республикалық маңызы бар автожолдарда 1700-ден астам арнайы техника және 2500 қызметкер жұмылдырылады. Жол жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіліп, жауапты кезекшілер бекітілген.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында 1403 нөмірі арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық қызмет көрсетеді. Бұл нөмірге хабарласу арқылы азаматтар автожолдардың жай-күйі мен қозғалысқа енгізілген шектеулер туралы өзекті ақпарат алып, қажет болса көмекке жүгіне алады.
Азаматтарға жолға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы жағдайын ескеріп, жол ахуалын нақтылау ұсынылады.
Қолайсыз ауа райы кезінде балама қозғалыс түрлерін, оның ішінде теміржол көлігін пайдалану ұсынылады.
Жол қозғалысына қатысушыларды жылдамдық режимін сақтауға, қауіпсіз арақашықтықты ұстануға және жолда барынша мұқият болуға шақырамыз. Азаматтардың қауіпсіздігі басты басымдық болып қала береді.




