Ауыл мектептерінде оқитын оқушыларға арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу басталды. Жобаны жетінші жыл қатарынан Оқу-ағарту министрлігі мен El Umiti корпоративтік қоры ұйымдастырып келеді. Бұл туралы «Мың бала» жобасының жетекшісі Абылайхан Қайролла хабарлады.
Олимпиаданың басты миссиясы — ауыл оқушыларына сапалы білім алу мүмкіндігін жасау. Жеңімпаздар елдегі беделді мамандандырылған білім ордалары — республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейі және «Дарын» мектептерінде оқу мүмкіндігіне ие болады.
Жоба басталғалы бері олимпиадаға ауыл мектептерінде білім алатын 817 мыңнан астам 6-сынып оқушысы қатысты. Солардың арасынан 6000 оқушы жеңімпаз атанып, 1800-ден астамы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге қабылданған. Ал былтыр «Мың бала» олимпиадасының алғашқы 144 түлегі мектепті тәмамдап, жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Бұл — жобаның нәтижесін көрсететін көрсеткіш, — деді жоба жетекшісі.
Олимпиадаға қатысу тегін. Биыл тіркелу 20 ақпан мен 20 наурыз аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында жүргізіледі. Байқау екі кезеңнен тұрады: алғашқы іріктеу онлайн өтеді, екінші кезеңде жеңімпаздар білімдерін тереңдетіп көрсетеді.




