ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі су шайған «Шнайдер көпірін» жөндемес бұрын мұқият тексеріп шығуды тапсырған. Жақын күндері аталған көпірді техникалық тексеру жұмыстары басталмақ, деп хабарлайды F16.kz.
1958 жылдан бері көлік инфрақұрылымын жобалау саласында жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстан Промтранспроект» ЖШС өкілдері көпірді толықтай қарап шыққан.
Нысанға сапалы жөндеу жүргізіп, шұғыл шаралар қабылдау үшін «Қазақстан Промтранспроект» ЖШС өкілдері визуалды түрде қарап шықты. Енді техникалық тексеру басталады. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – көпірдің нақты жағдайын анықтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – дейді қала әкімі Алмат Ақышов.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйек күні облыс орталығындағы «Шнайдер көпірі»қирап қалды. Екі-үш күн бойы жауған жаңбырдан өзен суының деңгейі көтеріліп, тіреулерді шайған. Осының салдарынан көпір құрылысы бүлініп, аралық бетон бөлігі опырылып түскен.




