Шығыс Қазақстан облысында атмосфералық ауа сапасына жүргізілген мониторинг нәтижесі көңіл көншітпейді. «Қазгидрометтің» мәліметінше, биылғы алғашқы тоқсанда өңірдің бірқатар елді мекенінде ауа сапасы нашарлаған, деп хабарлайды F16.kz.
Атап айтқанда, қаңтар-наурыз айларында Өскемен мен Риддер қалаларында атмосфералық ауаның ластану деңгейі «жоғары» деп бағаланды. Ал Глубокое кенті мен Шемонаиха шаһарында көрсеткіш «төмен» болса, Алтай қаласында «жоғарылау» деңгей тіркелген.
Былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда жағдай кейбір өңірлерде өзгеріссіз қалған. Мәселен, Глубокое, Өскемен және Шемонаихада ауа сапасы бұрынғы деңгейде сақталса, Риддерде «жоғарылау» деңгейден «жоғарыға» дейін көтерілген. Алтай қаласында «төменнен» «жоғарылау» деңгейге өскен.
Мамандардың айтуынша, Өскемендегі ауа ластануы көбіне суық мезгілде күшейеді. Бұған өнеркәсіп кәсіпорындарынан бөлінетін зиянды газ бен жеке сектордағы жылыту жүйелерінің әсері басым. Сонымен қатар қалада көліктердің көптігінен ауа құрамында азот диоксиді жоғарылаған.
Ауа сапасына тек антропогендік факторлар ғана емес, ауа райы жағдайлары да әсер етеді. Есепті кезеңде өңірде 28 күн қолайсыз метеорологиялық жағдай (НМУ) болған. Мұндай күндері ластаушы заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып қалады.
Жалпы сарапшылардың бағалауынша, өңірдегі экологиялық ахуал тұрақты бақылауда болғанымен, нақты нәтижеге жету үшін өнеркәсіп қалдықтарын азайту, көлік инфрақұрылымын оңтайландыру және жылу жүйелерін жаңғырту бағытында кешенді шаралар қажет.




