Бүгін Өскемен қалалық мансап орталығында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл шара жұмыс беруші мен жұмыссыздар арасында тікелей байланыс орнатып қана қоймай, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру мақсатында ұйымдастырылған, деп хабарлайды F16.kz.
Жұмысшы іздеп жәрмеңкеге келгендердің дені ірі және орта кәсіпорын өкілдері. Барлығы 24 кәсіпорын 200-ден аса бос жұмыс орынын ұсынған.
Жәрменкенің мақсаты – жұмысшы мамандықтарды қолдау, жастар арасында сұранысын арттыру. Яғни, жұмысшы мамандар іздейтін ірілі-ұсақты кәсіпорындар қатысып жатыр. Сондай-ақ ЖОО түлектері, жұмыссыз азаматтар мен соңғы курсын оқып жүрген студенттерді шақырдық. Олар қосымша сұрақтарын қойып, ақпарат алып, байланыс орната алады, — деді Өскемен қаласы мансап орталығының директоры Сымбат Шәріпханұлы.
Жоғары оқу орнын аяқтап, дипломын биыл қолға алған түлектердің бірі – Саят Еркінов. Ол бос жұмыс орындар жәрмеңкесінен жұмыс іздеп, ірі кәсіпорындарға түйіндемесін тапсыруға келген.
Өзім университетті биыл тәмәмдап, 4 жыл бойы алған білімді тәжірибеде қолданбақпын. Осы мақсатта бүгін бірнеше кәсіпорынға түйіндемемді тапсыруға келдім. Мұндай жәрмеңке жиі ұйымдастырылса біз сияқты жастарға үлкен көмек болар еді және жұмыссыздар саны да азаяды деп ойлаймын, — деді ол.
Шараға қатысуға келген жұмыс берушілер де, бос жұмыс орындар саны да көп болғанымен ұсынылған мамандықтарға қызығушылық танытқан жастар аз көрінеді. Сондықтан да кәсіпорын өкілдері жұмысшы мамандықтардың маңызын арттырып, жастар арасында мәртебесін арттыруға көңіл бөлінуі керек деп санайды. Мәселен, «Біріккен энергосервистік компаниясы» АҚ-да 100-ге жуық бос орын бар. Жалақы мөлшері 200 мың теңгеден басталады.
Біздің компания қаланы электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Негізінен электрик, электр монтер, электр элесарь мамандары жетіспей жатады. Компаниядағы ең төменгі жалақы мөлшері – 200 мың теңге. Жұмыс өтілі мен мамандығына қарай еңбекақы өседі. Осы орайда еңбек өтілі жоқ мамандар да жұмысқа қабылданатынын атап өткім келеді. Таврияда арнайы оқыту орталығы бар, сол жерде жеке бағдарлама жасалып, дайындап, біліктілігі жайлы куәлік беріледі. Жәрмеңке басталғанына көп болған жоқ, алайда жастардың қызығушылығы төмен екенін байқап отырмын, — деді «Біріккен энергосервистік компаниясы» АҚ жұмысшылармен жұмыс бөлімінің маманы Данира Әлімханова.
Шара барысында бірқатар кәсіпорынға ашық есік күні де жоспарланған. Студенттер мен түлектер «Бейматериалдар комбинаты» ЖШС мен «Біріккен теміржол шаруашылығы» ЖШС-ға барып, жұмыс барысымен жақынырақ таныса алады.




