Облыс орталығындағы «Марат-М» компаниясының автопаркі 10 су жаңа электробуспен толықты. Енді шаһар жұртшылығы экологиялық таза әрі жайлы көлікпен қатынайды, деп хабарлайды F16.kz.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады. Жаңа қоғамдық көлік сынақтан өтіп, қалаішілік маршруттарға қосылады. Өндіріс орындары көп шоғырланған Шығыстың бас шаһарындағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін алдағы уақытта тағы да бірнеше электробус сатып алынуы мүмкін.

Өскеменге қазір Семей қаласында құрастырылған 10 электробус жеткізілді, жақын күндері тағы екеуі әкелінеді.
Шамамен 2-3 аптада жүре бастайды. Нақты қай бағытта қатынайтыны әзірге белгісіз. Алдымен сынақ режимінде жүргізіледі. Электробус – толық электр қуатымен жұмыс істейді. Біздің компания базасында қуатталады. Қуаты 350 шақырымға жетеді, ал бір күнде автобус қала ішінде шамамен 250 шақырым жүреді, – деді «Марат-М» ЖШС директоры Архат Аликанов.
Заманауи қоғамдық көлік шаһар тұрғындарына қолайлы болары сөзсіз.
Бүгінде қаладағы ауаға бөлінетін зиянды заттардың 58 пайызы көліктерден шығатын түтін. Сондықтан біз автобустарды электробустарға ауыстыра отырып осы мәселені түбегейлі шешеміз. Бұл бір реттік акция емес. Автобус парктері жыл соңына дейін тағы да жаңарады, — деді аймақ басшысы.
Алғашқы кезде қалаға 12 электробус әкелінсе, одан кейін тағы 12 электр көлігін жеткізу жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше қалаға су жаңа 12 автобус әкелінген. Осылайша Өскеменнің автопарктері шамамен 65–70 пайызға жаңарды.




