Өскеменде Қала күні мерекесіне орай велоспорттан ашық турнир өтті. Спортсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырған бұл жарыс шаһар тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкіл көңіл—күй сыйлады, деп хабарлайды F16.kz.
Турнирдің басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, ел ішінде салауатты өмір салтын насихаттау.
Өскемен қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған веложарыс облыс орталығындағы Әл-Фараби даңғылында өткізілді. Оның да өзіндік себебі бар. Бұл даңғыл қаланың шетінде орналасқан және онда көлік қозғалысы аз. Сол себепті жарысқа қатысушылар шаһар тұрғындарының жүріп-тұруына аса кедергі келтірген жоқ. Арасында жасы бар, жасамысы бар 50-ге жуық өңшең әуесқой велошабандоз бүгін, 25 тамызда таң бозынан жарыс жолына шығып, “кіл жүйрікте кім жүйрікті” анықтады. Тіпті мектеп жасындағы балалар да дүбірлі бәсекеден тыс қалмады.
Қатысушылар төрт санат бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, 19–45 жас аралығындағы ересектер (40 км), 17–18 жас аралығындағы жастар (40 км), 15–16 жас аралығындағы жасөспірімдер (30 км) және 16–17 жас аралығындағы қыздар (30 км).
Басты талап – әрбір қатысушының жеке велосипеді, қорғаныс бас киімі және жарысқа қатысуға болады деген медициналық рұқсат қағазы болуы шарт. Бұл қауіпсіздік пен денсаулықты сақтау мақсатында енгізілген талаптар.
Жарыс қорытындысы бойынша келесі велошабандоздар жүлделі орындарға ие болды:
Ересектер (19-45 жас)
I орын – Федор Жижин
II орын – Алдияр Хасенов
III орын – Михаил Гончарова
Жастар (17–18 жас)
I орын – Ұлан Мұратов
II орын – Ильяс Сайлаухан
III орын – Нұрали Манарбек
Жасөспірімдер (15–16 жас)
I орын – Ахметханов Равиль
II орын – Сайранбек Бекнур
III орын – Калымбеков Ельназ
Қыздар (16–17 жас)
I орын – Аяна Смағұлова
II орын – Арина Чалова
III орын – Анастасия Павленко
Велобәйгеде үздіктер қатарынан көрінген қатысушыларға қала әкімдігі тарапынан қомақты ақшалай сыйлықтар берілді. Бірінші орын иегері 100 мың теңге, екінші орын алған спортшыға 60 мың теңге, үздік үштікті түйіндеген велошабандозға 40 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.
Жарыс соңында қатысушылар мен жанкүйерлер спорттық шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, мұндай турнирлердің тұрақты өткізіліп тұруына тілектестік білдірді. Олардың пікірінше, бұқаралық спортты дамыту – салауатты өмір салтына жол ашып қана қоймай, қоғамдық белсенділікті арттырудың бірден-бір жолы.
Айта кету керек, кейінгі жылдары Шығыс Қазақстан облысында велоспортқа деген қызығушылық артып келе жатқаны байқалады. Бұл жолғы турнир соның айқын дәлелі болды. Өскемен әкімдігі алдағы уақытта велоспорттан басқа да бұқаралық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.




