Өскеменде «Үздік аула — 2025» байқауына өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды F16.kz.
Қала әкімдігі ұйымдастырып отырған байқаудың негізгі мақсаты — көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын көркейтуге белсене атсалысқан, жауапты және үлгілі тұрғындарды, кондоминиум басқарушыларын анықтап, ынталандыру.
Байқауда «Үздік аула», «Ең үздік МИБ», «Ең үздік ЖС» (ПТ) және «Ең үздік МИБ» анықталады.
Аула аумағының абаттандырылуына, балалар және спорт алаңдарының күтіміне, тазалығына, қыс мезгіліне дайындығы мен келісімшарттар басты назарға алынады. Сол бойынша бағаланып, жеңімпаздар анықталады, — дейді қала әкімдігі.
Байқау үш кезеңнен тұрады:
Бірінші кезеңде аумақтық басқару орталығы филиалдарына өтінім беру керек. Жиналған өтінімдер Өскемен қаласының тұрғын үй қатынастары бөліміне жолданады.
Екінші кезеңде қатысушылардың фото, видео және портфолио материалдары аумақтық басқару орталығы арқылы қабылданып, 1 қарашаға дейін тұрғын үй қатынастары бөліміне тапсырылады.
Үшінші кезеңде жұмыс тобы жинақталған материалдарға сүйене отырып 10 қарашаға дейін жеңімпаздарды анықтайды.
Ал, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 16 желтоқсанда өтеді.
Қосымша ақпаратты 8 (7232) 74-14-51 телефоны арқылы алуға болады.




