Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Осы бағыттағы жұмыстар Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада да қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Бүгінде кітапхана дәстүрлі кітап сақтау орны ғана емес, заманауи технологиялар мен инновациялық жобалар тоғысқан шығармашылық алаңға айналып келеді. Мұнда жасанды интеллект пен цифрлық құралдар күнделікті қызметке енгізіліп, оқырмандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынылады.

Кітапханада іске қосылған арнайы чат-бот арқылы келушілер өздерін қызықтырған сұрақтарға жедел жауап алып, қажетті ақпаратқа оңай қол жеткізе алады. Сонымен қатар, жастар арасында ерекше қызығушылық тудырған «Digital Fashion» жобасы аясында виртуалды сән әлемі қалыптастырылған.
Кітапханадағы мультстудия да келушілер арасында сұранысқа ие. Мұнда балалар алдымен өздеріне ұнаған кітаптарды оқып, кейін шығармалардағы кейіпкерлер негізінде анимациялық фильмдер әзірлейді. Бұл жоба жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект технологиялары мәдени мұраны жаңғыртуда да қолданылып жатыр. Соның нәтижесінде жазушы Оралхан Бөкейдің архивтік фотосуреттері арнайы бағдарламалар арқылы өңделіп, түрлі түсті форматта қайта қалпына келтірілген.

Кітапхана ұжымы жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша тұрғындарға тегін білім беруге де ерекше мән береді. Мұнда тұрақты түрде семинарлар, практикалық сабақтар мен шеберлік сағаттары өткізіліп, қатысушылар заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысады.
Алдағы 29-30 маусым күндері кітапханада «Болашақтан қорықпау: жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана» атты Орталық Азия кітапханашыларының халықаралық конференциясы өтеді. Ауқымды іс-шараға Орталық Азия елдерінен және Қазақстанның әр өңірінен келген мамандар қатысып, кітапхана ісін цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізудің өзекті мәселелерін талқылайды.
Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар кітапханалардың жаңа заман талаптарына бейімделуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғамның цифрлық сауаттылығын арттыруға да елеулі үлес қосады.






