Бүгін еліміздің ақпарат кеңістігінде өз жобасын 150 мың АҚШ долларына сатқан өскемендік оқушы туралы қуанышты хабар тарады. Бұл туралы Digitalbusiness.kz порталы кеңірек жазды. Алайда дарынды оқушы білім алатын Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.

Digitalbusiness.kz желілік басылымының жазуынша, Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Есжан Рахатұлы бизнес идеяларды терең талдайтын интеллектуалды жоба әзірлеп, оны 150 мың АҚШ долларына сатқан. Бұл еліміздің жас стартапшылар нарығындағы рекордтық мәміле ретінде бағаланған.
«Есжан Рахатұлының жобасы Value of Idea деп аталады. Ол AI Startify экожүйесіне кіретін технологиялар портфеліне ресми түрде енгізілді.
AI Startify — стартапты идея кезеңінен бастап инвестицияға дейінгі аралықта сүйемелдейтін цифрлық платформа. Ал Value of Idea — бизнес-идеяларды терең талдайтын интеллектуалды жүйе. Ол нейрожелілік скоринг пен математикалық модельдер арқылы стартаптың өміршеңдігін бағалайды.
Жүйе нарықты, капиталдану әлеуетін талдап, адам факторына тәуелді субъективті бағалауды азайтады. Яғни, бизнес аналитиктер тобының жұмысын алмастыра алады», – деп жазды желілік басылым.
Сонымен қатар портал жоба авторы Есжан Рахатұлы мен платформаның тең құрылтайшысы әрі бас әзірлеушісі Имран Исламовтың пікірін келтірген.
«Есжан стартаптарды Due Diligence жасауға арналған толыққанды құрал етіп жасады. Онда нейрожелілік скоринг пен тәуекелдерді бағалайтын жеке модельдер үйлесім тапқан», – дейді Имран Исламов басылымға берген сұхбатта.
Ал AI Startify негізін қалаушы Мақсат Күзембаев 150 мың долларлық мәмілені стратегиялық қадам деп бағалапты. Оның айтуынша, жоба платформаның халықаралық нарықтағы позициясын күшейтіп, AI Startify Incubator ядросына енгізілмек.
Осындай жағымды жаңалық ел ішіне тарап үлгергенде Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Қуат Рахатұлы бұл ақпараттың жалған екенін айтты.
Иә, бүгін интернет басылымдарда “біздің мектептің оқушысы жобасын 150 мың АҚШ долларына сатты” деген жаңалық тарап жатыр. Біз ақпаратты жариялаған порталға хабарласып, оның жалған екенін айттық және мақаланы алып тастауды сұрадық. Егер шынымен ондай жағымды жаңалығымыз болса, бірінші кезекте баспасөз қызметі хабарлайтын еді, – деді Қуат Рахатұлы.




