Дәл қазір Елорда төрінде өтіп жатқан Астана халықаралық форумында жаһандық деңгейдегі проблемалар қозғалуда. Соның бірі – соғыс мәселесі. Форумда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде өзектілігін жоймай тұрған бұл проблемаға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды F16.kz.
– Бүгінгі жиын әлемде белгісіздік белең алған заманда өтіп отыр. Мұны жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты деп сипаттасақ та болады. Алайда, бұл тұжырымды тарихшылардың еншісіне қалдырған жөн. Қазір осы жағдайға қалай жауап беретініміз маңызды. Алдымызда таңдау тұр: қандай шешім қабылдаймыз, қандай құндылықтарды қорғаймыз?!, – деді Мемлекет басшысы.
Президент, сонымен қатар дүниежүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
– Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл, шамамен, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 13,5 пайызы. Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншы», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр. Аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: akorda.kz