Марқакөл ауданының орталығында психология-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Мұнда мамандар баланың дамуын тежейтін кедергілерді жоюға, оны балабақшаға немесе мектепке бейімдеуге көмектеседі, деп хабарлайды F16.kz.
Түзету кабинетінің бір артықшылығы бұл жерге жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар келіп, кешенді коррекциялық қолдауға ие бола алады. Сонымен қатар ата-аналарға кәсіби мамандар қажетті кеңес беріп, көмектеседі. Бір курс аясында педагогтер 40-тан астам баламен жұмыс істейді.
Жаңа кабинет толық инклюзивті талаптарға сай жабдықталған: пандусы бар, есіктері кең, бөлмелері жарық, тактильді белгілер орнатылған. Логопед, психолог және дефектолог кабинеттері, монтессори сыныбы, ЛФК залы, музыка-ырғақ бөлмесі, сенсорлық бөлме және қысқа мерзімді топқа арналған кабинет – бәрі заманауи стандарттарға сәйкес ұйымдастырылған.
Кабинеттің негізгі міндеті – дамытушы бағдарламаларды іске асыру, жеке және топтық сабақтар өткізу арқылы баланың дағдысын дамыту, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді түзету және эмоционалды қолдау көрсету. Бұл балалардың инклюзивті білім беру ортасына бейімделіп, қоғамға еркін араласуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлбақыт Мұсаханова.
Кабинет қызметінің негізгі бағыты – балалардың дағдыларын дамытуға, мінез-құлқын түзетуге және психоэмоционалды жағдайын тұрақтандыруға арналған жеке және топтық сабақтарды ұйымдастыру. Бұл балалардың инклюзивті білім беру ортасына сәтті қосылуына және қоғамға еркін бейімделуіне мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – көрсетілетін қызметтердің тегін әрі тұрғындарға қолжетімді болуы. Бұл ерекше баласы бар отбасыларға үлкен қолдау болмақ. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ашылған бұл орталық Марқакөл ауданында әлеуметтік қызметке зәру, аса қамқорлықты қажет ететін балаларға тиісті көмекке қол жеткізуін оңтайландыруға, халық тарапынан мемлекетке деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.




