ШҚО-да тәртіп сақшылары «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен «Жол активтерінің сапасы орталығы» өкілдерімен бірлесіп көлік жолдарына күзгі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Жол белгілері мен таңбалары, қоршаулардағы жарық шағылыстырғыш катафоттардың жарамдылығы, жол қозғалысын реттеу техникалық құралдарының дұрыс орнатылуы бақылауға алынған.
Нәтижесінде жол белгілерінің көрінуіне және жол жамылғысының сапасына әсер ететін 120-дан астам ақау анықталды. Жол иелеріне 80-ге жуық нұсқама беріліп, жол ұйымдарының 8 басшысы жауапкершілікке тартылды, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Полицейлер 40-тан астам апаттық-қауіпті учаскені жою бойынша ұсыныстар дайындап, жол ұйымдарының инженерлік-техникалық құрамымен полицияның қызметтік бөлімшелерінің өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтады.




