Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірде аурулардың алдын алу, ерте анықтау, сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейін төмендету, сондай-ақ медициналық инфрақұрылымды жаңарту басты басымдықтардың бірі болып отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова 2025 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындыларын таныстыру барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, осы кезеңде медицина қызметкерлері 9 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізіп, 69 мыңнан астам тұрғынды қамтыған. Сонымен қатар салауатты өмір салты мен аурулардың алдын алу тақырыбында 17 мыңнан аса ақпараттық материал таратылған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де айқын байқалады. Облыста психоәлеуметтік және мінез-құлықтық бұзылулардан туындайтын аурулар, АИТВ және В гепатиті бойынша көрсеткіштер төмендеген. Онкологиялық ауруларды ерте анықтау жақсарып, туберкулезбен сырқаттану деңгейі азайған. Ана мен бала денсаулығына қатысты көрсеткіштер де тұрақты: есепті кезеңде ана өлімі тіркелмеген, ал бала, неонатальдық және жасөспірім өлімі жоспарланған деңгейден аспаған.
Ауыл медицинасына да ерекше көңіл бөлінген. «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде медициналық нысандарды салу және жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарланған 36 нысанның 35-і пайдалануға беріліп, соңғысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Сонымен бірге медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жедел жәрдем автопаркі кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Қазір медицина нысандарының жабдықталу деңгейі 87,5 пайызға жетті. – деді Айнаш Қапанова.
Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау жүйесі тұрақты дамып келеді. Материалдық-техникалық базаны нығайту, профилактикалық шараларды кеңейту және медициналық көмектің қолжетімді болуын арттыру бағытындағы жұмыстар халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.




