Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті биылғы жыл басынан бері сегіз жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Нәтижесінде геологиялық барлау және өндіру жұмыстарын экологиялық рұқсатсыз жүргізу, топырақ және суды ластау, экологиялық сараптама талаптарын, қалдықтармен жұмыс істеу ережелерін бұзу сияқты көптеген факті анықталды, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінде облыс аумағында барлығы 484 жер қойнауын пайдалану нысаны тіркелген. Оның ішінде 108 келісімшарт – кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге, 306 келісімшарт – қатты пайдалы қазбаларға тиесілі. Сонымен қатар 64 кәсіпорын I санатқа жатады, олардың 23-і қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етеді.
Департамент өкілдері экология заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Биылғы 10 айда сегіз жоспардан тыс тексеру өткізіліп, ірі кәсіпорындар мен старательдік лицензия иелері назарға алынды. Нәтижесінде геологиялық барлау және өндіру жұмыстарын экологиялық рұқсатсыз жүргізу, топырақ пен су айдындарын ластау, экологиялық сараптама талаптарын және қалдықтармен жұмыс істеу ережелерін бұзу сияқты көптеген факті анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша «East Copper» ЖШС, «Altai GeoTechnology» ЖШС, «PROFIT S» ЖШС, «КАСКАД-Н» ЖШС және бірқатар жеке кәсіпкерлер мен старательдік қызметті рұқсатсыз жүргізген жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 9,7 млн теңге болды, оның 9,4 млн теңгесі өндірілді, – деді Әсет Сүлейменов.
Оның айтуынша, қазір «ВСАМ Продакшн» ЖШС, «Маралиха» ЖШС, «Маралиха Голд» ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ «ГРК МЛД» және «КОГОДАЙ» кәсіпорындарына профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланған.
Әсет Сүлейменов атап өткендей, экология департаменті қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайту және экологиялық стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар қызметіне бақылауды жалғастырады.




