Шығыс Қазақстан облысында еңбек қатынастарына қатысты мәселелер бойынша азаматтардың жүгінуі күрт өсті. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің өңірлік департаментіне 588 өтініш түскен. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда екі есе жоғары, деп хабарлайды F16.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыровтың айтуынша, өтініштердің басым бөлігі еңбек қатынастарына байланысты. Нақты айтқанда, 572 шағым жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы құқықтық мәселелерге қатысты болған. Осы деректер негізінде инспекторлар 83 тексеру жүргізіп, нәтижесінде еңбек заңнамасының 100-ден астам рет бұзылғаны анықталған.
Сонымен қатар салада оң өзгерістер де бар. Мәселен, өңірде өндірістік жарақаттану деңгейі 12,5 пайызға төмендеген. Аталған кезеңде өндірісте 21 жазатайым оқиға тіркеліп, оның біреуі өліммен аяқталған.
Жалақы берешегі әлі де өзекті болып отыр. Сәуір айының ортасындағы мәліметке сәйкес, үш кәсіпорын қызметкерлер алдындағы қарызын толық өтемеген. Жалпы берешек көлемі — 11,6 млн теңге.
Мамандардың айтуынша, еңбек дауларының көбеюі азаматтардың өз құқығын белсенді түрде қорғай бастағанын көрсетеді. Дегенмен бұл жағдай жұмыс берушілер тарапынан заң талаптарын сақтау мәселесін әлі де күшейту қажеттігін аңғартады.




