Шығыс Қазақстан облысында еңбек адамын дәріптеп, қоғамдағы беделін арттыруды көздейтін «Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Биыл өңірден 34 қатысушы бақ сынады. Олардың қатарында 6 еңбек әулеті, 13 тәжірибелі тәлімгер мен 15 жас маман бар, деп хабарлайды F16.kz.
Байқаудың негізгі мақсаты – еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру, еңбек дәстүрлерін сақтау, тәлімгерлікті дамыту және жастар арасында кәсіби еңбектің маңызын көрсету.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясында бірінші орынды «Өскемен құс фабрикасы» АҚ ұсынған Фатеевтер–Линкер әулеті иеленді. Ұлан ауданынан қатысқан әулет құрамында 25 адам бар. Олардың жалпы еңбек өтілі 307 жылды құрайды.
Екінші орынға «Бірыңғай энергетикалық сервистік компания» АҚ ұсынған Жүсіповтер әулеті ие болды. Сегіз адамнан тұратын әулеттің жалпы еңбек өтілі – 146 жыл. Үшінші орын осы компанияның Тұрдыбековтер әулетіне берілді. Бес адамнан құралған әулеттің еңбек өтілі 120 жыл. Төртінші орынды «Үлкен Нарын орман шаруашылығы» КММ ұсынған Қосаевтар әулеті иеленді. Олардың төрт адамнан тұратын отбасының жиынтық еңбек өтілі – 62 жыл.
«Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі ревизоры Татьяна Олейникова «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» номинациясының жеңімпазы атанды. Осы аталымда бірінші орын «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі ревизоры Татьяна Олейниковаға бұйырды. Екінші орынға «ГРК МЛД» ЖШС (Марқакөл) маманы Ілияс Иісбаев, ал үшінші орынға «Адал» шаруа қожалығының механизаторы Әсет Әбдірахманов тұрақтады.
«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында бірінші орынды Самар ауданындағы «Нұрғазин» шаруа қожалығының механизаторы Нұрсұлтан Онлабаев иеленді. Екінші орын «Қазцинк Риддер» ЖШС Долинный кенішінің маркшейдері Наталья Трусоваға, үшінші орын «Шығыс Жылу» АҚ гидравликалық есептеулер жөніндегі инженері Алида Талғатқызы Бакинбаеваға берілді.
Облыстық кезеңнің жеңімпаздары «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңінде бақ сынайтын болады.
Шығыс Қазақстан облысы бұл байқауда жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2017 жылдан бері өңірдің намысын қорғаған қатысушылар республикалық кезеңде алты рет жеңіс тұғырынан және жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олардың арасында Филипповтер, Сағадиевтер, Белогорцевтер, Ковалевтер, Аушиновтар мен Деминдер әулеттері бар.
2025 жылы Риддер қаласындағы «Қазцинк» ЖШС өкілдері Деминдер әулеті республикалық кезеңде бірінші орынға ие болған.




