Маусымдық жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында биылғы 1 қазаннан бастап Өскеменде екпе салу шаралары басталды. Эпидемиологиялық кезең келер жылдың 1 мамырына дейін жалғасады, деп хабарлайды F16.kz.
Мамандардың болжамынша, өңірде A/H3N2, A/H1N1pdm09 және B (Victoria) тұмау вирустары кеңінен таралуы мүмкін.
Тұмаудан сақтанудың ең тиімді жолы — екпе алу. Сонымен қатар жеке бас гигиенасын сақтау, көпшілік жиналатын орындарда бетперде тағу, бөлмелерді жиі желдетіп тұру және денсаулықты нығайтатын өмір салтын ұстану да аса маңызды, — деді ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямгазина.
Аймақта тұмаудың таралуын шектеу үшін жергілікті бюджет қаражатына 75 мың доза екпе сатып алу жоспарланған. Ең алдымен, екпе келесі санаттағы азаматтарға ұсынылады: жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, арнайы мекемелердегі балалар, қарт адамдар және созылмалы сырқаты бар азаматтар. Бұдан бөлек кез келген адам ақылы түрде немесе жұмыс берушінің есебінен екпе қабылдай алады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс инфекционист-дәрігері Назигүл Сапарғалиева тұмаудан бөлек ЖРВИ, энтеровирустық, риновирустық инфекциялар мен парагрипптің де белсенді таралатынын айтты. Бұл инфекциялар әлсіздік, жөтел, мұрыннан су ағу, бұлшықеттердің сырқырауы секілді ұқсас белгілермен көрініс береді. Дегенмен, тұмаудың ерекшелігі — оның ағзаға күрт әсер етуі, жоғары температурамен және айқын улану белгілерімен қатар жүруінде. Тұмау жылдам басталып, тез өршиді.




