Шығыс Қазақстанда тағы бір маңызды спорт нысаны бой көтереді. Ол — құрылысы таяуда ғана басталған жаңа волейбол орталығы. Жоба бойынша заманауи спорт кешенін осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды F16.kz.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құрылыс жұмысы қызу жүріп жатқан аумаққа барып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Жоспарға сәйкес, орталық екі қабатты ғимараттан тұрады. Кешенде екі спорт залы қарастырылған: оның бірі жарыс өткізуге, екіншісі оқу-жаттығуға арналған. Негізгі зал 200 адамға арналған. Сондай-ақ ғимаратта киім ауыстыратын бөлмелер, жуынатын және санитарлық тораптар болады.
Жобаның бас мердігері — DK PROEKT компаниясы.
Аймақ басшысы өңірде волейболдың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Өңірде волейбол қарқынды дамып келеді, сондықтан біз бұл спорт түрімен айналысатындарды жан-жақты қолдауымыз қажет. Berel волейбол клубы жақсы нәтижелер көрсетіп жүр және оның өз спорт базасы болуы керек. Команда алдағы уақытта да халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, жанкүйерлерін қуанта береді деп сенемін, — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жаңа орталық 10 жастан асқан балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге арналған. Спорт залдарында бір уақытта 84 адамға дейін жаттыға алады: негізгі волейбол залында — 24 спортшы, оқу-жаттығу залында — 36 адам, ал тренажер залында тағы 24 адамға орын қарастырылған. Күн сайын әрқайсы екі сағаттан тұратын алты жаттығу ауысымын өткізу жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, жаңа волейбол орталығының салынуы өңірдің спорт инфрақұрылымын айтарлықтай нығайтады. Сонымен қатар спортшыларды даярлау мен жарыстар өткізуге заманауи жағдай жасап, балалар мен жастарды спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді.




