Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің 1-мотоатқыштар және шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызметте жүрген сарбаздар арасынан үздіктер анықталып, салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Жауынгерлік және дене дайындығында жоғары нәтиже көрсетіп, әскери тәртіп пен қызметтік міндетті үздік орындаған бірқатар сарбаз әскери бөлім командирінің бұйрығымен «Үздік сарбаз» төсбелгісіне ие болды.
Бұл марапат – сарбаздардың күнделікті даярлықтағы табандылығының, жауапкершілігі мен әскери борышқа адалдығының айқын көрінісі. Мұндай жетістікке қол жеткізу үшін жауынгерлер физикалық төзімділікпен қатар тактикалық машықтарын жетілдіріп, бөлімшенің жауынгерлік әзірлігін нығайтуға өз үлесін қосады.
Бүгін марапатталған сарбаздар – батальонымыздың мақтанышы. Олар жауынгерлік дайындықта, денешынықтыруда және тәртіпте жоғары деңгей көрсетті. Мұндай сарбаздар әскери қызметтің мәнін терең түсініп, Отан алдындағы борышты абыроймен атқарып жүр. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап, өзгелерге өнеге болады деп сенемін, – деді батальон командирі майор Нұрсұлтан Иманғали.
Іс-шара сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеріп, әскери қызметке деген жауапкершілігін арттыра түсті. «Үздік сарбаз» төсбелгісі – жас жауынгерлерді жаңа жетістіктерге жетелейтін маңызды ынталандыру екені сөзсіз.




