Шығыс Қазақстанда спорт саласы қарқынды дамып келеді. Өңірде қазір 1600-ден астам спорт нысаны бар. Қазір Катонқарағай, Үлкен Нарын, Марқакөл ауылдарында спорт кешені салынып жатыр. Бұл ауыл балаларының салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Өскеменде волейбол орталығының, Риддерде заманауи спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Былтыр облыста бір тау шаңғысы базасы мен 19 футбол алаңы пайдалануға берілді. Бүгінде бұл жерлер жастардың жиі баратын орнына айналған.
Футболдан «Алтай-Өскемен» командасы Бірінші лигада үздіктер қатарына еніп, Премьер-лигаға жолдама алды. Қазір «Восток» стадионында жөндеу жүріп жатыр, нысан жаңа талаптарға сай жабдықталады.
Былтыр шығысқазақстандық спортшылар жиыны 5700 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 мыңға жуығы — алтын. Халықаралық деңгейде де жетістіктер бар. Файна Мейрманова Сурдлимпиадада рекорд жаңартса, Анастасия Городко фристайлдан жоғары нәтиже көрсетті. Ал Батырхан Төлеуғали таэквондодан әлем чемпионы атанды.
Балалар спортына да ерекше көңіл бөлінген. Қазір 4 мыңнан астам бала тегін спорт секцияларына қатысады. Бұл бағытқа бюджеттен қомақты қаражат бөлінген.
Алдағы уақытта да маңызды жарыстар күтіп тұр. 2026 жылы спортшылар Италиядағы қысқы Олимпиадаға, Қырғызстандағы Көшпенділер ойындарына және Жапониядағы Азия ойындарына қатысады. Өңір спортшылары бұл жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетеді деген сенім бар.




