Шығыс Қазақстан облысында тұратын азаматша денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша жалған диплом сатып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл іс Үлкен Нарын аудандық сотында қаралды, деп хабарлайды F16.kz.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Л. есімді азаматшаға мемлекеттік мекемеде жұмысқа тұру үшін жоғары білім туралы диплом қажет болған.
2020 жылдың қыркүйек айында Л. нақты білім алмағанына қарамастан, денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін растайтын жалған диплом жасатуға келісімін береді. 2022 жылдың маусымында ол қолдан жасалған құжатты алады. Сотқа дейінгі тергеу кезінде Л.-ның ешбір жоғары оқу орнында оқымағаны дәлелденді, – деп мәлімдеді облыстық соттың баспасөз қызметі.
Аталған әрекет үшін азаматшаға Қылмыстық кодекстің 385-бабы, 3-бөлігі (көрінеу жалған құжатты қолдану) бойынша жаза тағайындалды. Сот шешімімен оған 98 300 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.




