Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында ғылым, білім және инновация салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Солардың бірі – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті үшін ғана емес, тұтас өңір үшін стратегиялық маңызы бар меморандум, деп хабарлайды F16.kz сайты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Еуропадағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – KU Leuven университеті, SIM² KU Leuven Тұрақты металдар мен минералдар институты және Astana Hub арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Аталған құжат Шығыс Қазақстанның халықаралық ғылыми-технологиялық кеңістіктегі орнын нығайтып, өңірдің жаңа ғылыми жобалар мен инновациялық бастамалардың орталығына айналуына жол ашады.
Стратегиялық және сирек кездесетін металдардың мол қорына ие Шығыс Қазақстан бүгінде минералдық ресурстарды тұрақты игеру, металлургия саласын жаңғырту және жасанды интеллект технологияларын өндіріске енгізу бағыттарында халықаралық қауымдастықтың назарын аударып отыр. Жаңа серіктестік осы әлеуетті тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Келісім аясында тараптар критикалық маңызды шикізатты өндіру, өңдеу және қайта пайдалану салаларында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тау-кен металлургия кешеніне арналған инновациялық технологияларды әзірлеу, өндірістік процестерге цифрлық шешімдер енгізу және жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселелері де қамтылған.
Серіктестіктің маңызды ерекшелігі – оның негізгі қатысушыларының бірі ретінде өңірдегі жетекші инженерлік жоғары оқу орны саналатын Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің қатысуы. Университет көптеген жылдар бойы тау-кен және металлургия салалары үшін жоғары білікті мамандар даярлап, өндіріс сұранысына бағытталған қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асырып келеді.
Меморандум студенттер, магистранттар, докторанттар және жас ғалымдар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Олар академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысып, халықаралық ғылыми жобаларда жұмыс істеуге, шетелдік тағылымдамалардан өтуге, жазғы мектептерде білім алуға және еуропалық жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын меңгеруге мүмкіндік алады.
Бұл келісім ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің отандық ғылымды халықаралық зерттеу кеңістігіне интеграциялау және шетелдік әріптестермен байланысты нығайту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар, ол Horizon Europe бағдарламасы мен TiBrerium халықаралық жобасы аясында басталған ынтымақтастықтың заңды жалғасы саналады.
Сарапшылардың пікірінше, аталған серіктестіктің маңызы білім беру саласымен ғана шектелмейді. Бірлескен зерттеулер мен технологиялар трансфері өңір кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өндірісті жаңғыртуға, жоғары технологиялық салаларды дамытуға және болашақ экономикасына қажетті мамандар даярлауға ықпал етеді.
Осылайша, қол жеткізілген келісімдер Шығыс Қазақстанның еліміздегі жетекші ғылыми-өндірістік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін күшейтіп қана қоймай, өңірдің халықаралық ғылыми қауымдастықпен ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.




