Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстандағы Өзбекстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Бахтиёр Ибрагимовпен кездесті. Кездесу барысында Шығыс Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың болашағы, әсіресе агроөнеркәсіптік кешен мен туризм саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды, деп хабарлайды F16.kz.
Бұған дейін жазғанымыздай, осы маусымда Өскемен–Ташкент–Самарқанд–Бұхара бағытында пойыз қатынасы қайта жанданып, Өскеменнен Өзбекстанға тікелей әуе рейстері ашылады.
Агроөнеркәсіптік кешен саласында Шығыс Қазақстаннан Өзбекстанға өсімдік майы мен бал экспортын ұлғайту бағытында жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.
Іскерлік әріптестіктің өзге де бағыттары қатарында – Өзбекстанда салынатын АЭС үшін ядролық отын жеткізу мүмкіндігі және өндірістік қалдықтарды көму мен қайта өңдеу саласында тәжірибе алмасу қарастырылып отыр.
Конструктивті диалог аясында бірқатар негізгі бағыт бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру Шығыс Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты жаңа, стратегиялық маңызды деңгейге көтереді, – деп атап өтті облыс әкімі.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізін «Мәңгілік достық туралы», «Стратегиялық әріптестік туралы», «Одақтастық қатынастар туралы» және «Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы» халықаралық-құқықтық құжаттар құрайды. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуына мемлекет басшылары арасындағы тұрақты диалог шешуші рөл атқарады.




