Болгарияның Самоков қаласында өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Шығыстың тумасы Темірлан Тұрдақын қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды F16.kz.
Грек-рим күресінен өнер көрсеткен ол жаһан біріншілігінде 87 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Қола медаль үшін белдесуде Темірлан Әзірбайжан балуаны Орхан Гаджиевті жеңді.
Бұл әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына төрт медаль түсті. Атап айтсақ, Диас Сейітқалиев (82 келіге дейін) күміс медаль иеленсе, Арсен Жұма (55 келіге дейін), Юсуф Ашрапов (72 келіге дейін) және Темірлан Тұрдақын қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, Темірлан Тұрдақын – Өскемендегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Шығыс Қазақстан облыстық жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі.




