Назарбаев даңғылындағы «Спорт сарайы» аялдамасының маңында «жаяу жүргіншілер өткелі» белгісі орнатылды, деп хабарлайды F16.kz.
Өскемендік тұрғындар бүгін «Daniel» сауда үйінің маңынан белгілер орнатылғанын байқады. Алайда, өткел әлі ашылған жоқ. Жол жиегіндегі қоршаулар да әлі алынбаған.
Қала әкімдігі жаяу жүргіншілер өткелін бүгін ашуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, аталған сауда үйінің маңындағы жер үсті өткелі 2018 жылы қолданысқа берілгеннен кейін, жаяу жүргіншілер өткелі алынып тасталған. Қала тұрғындары жолдың келесі бетіне өту үшін үшінші қабатқа көтерілуге тура келетінін айтып, жиі шағымданатын. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер үшін қолайсыздық тудырды. Себебі өткелдегі лифт дұрыс жұмыс істемейді.
Қаланың бұрынғы әкімі Жақсылық Омар бұл мәселеге талдау жүргізілетінін айтқан. Бірақ полиция басқармасы жол-көлік оқиғалары жиілеп кетуі мүмкін екенін айтып, қарсылық білдірді.
Ал, жақында қала әкімі Алмат Ақышов бұл мәселе қайта қарастырылатынын атап өтті.




