Риддерде ауызсу мен тамақсыз, санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмаған үйде тұрған балалар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орталастырылды, деп хабарлайды F16.kz.
Балалардың жағдайы туралы полицияға көршілері хабар берген. Олардың айтуынша, екінші қабаттағы пәтерден түнгі уақытта айқай-шу мен балалардың жылаған дауысы жиі естіледі. Ата-анасы мас күйде жүретінін күндері де болған.
«Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері, пробация қызметі мен қорғаншылық органдары аталған пәтерді тексерді. Пәтердің санитарлық жағдайы балалардың қалыпты өмір сүруіне және тәрбиеленуіне жарамсыз екені анықталды. Үйде тамақ пен ауызсу жоқ, санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмаған, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Отбасында 2020–2025 жылдар аралығында туған үш қыз және бір ұл болған. Ең кішкентайының жасы бір жасқа да толмаған.
Тексеруден кейін төрт бала да отбасынан алынды. Үшеуі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Ал, ең кішкентайы қалалық ауруханаға жеткізілді.
Полиция ата-ананың екеуі де жұмыс істемейтінін және ішімдікке әуес екенін анықтаған. Енді уәкілетті органдар олардың ата-аналық міндеттерін қаншалықты орындағанына баға беріп, балалардың алдағы уақытта қайда тұратынын шешеді.




