Биылғы он айда Тарбағатай ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі артып, негізгі капиталға тартылған инвестиция өсті. Ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым салаларында да көрсеткіштер жақсы. Бұл туралы аудан әкімі Дархан Жөргекбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2025 жылдың он айында Тарбағатай ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,3 млрд теңге болды (өсім – 182%)6 ауыл шаруашылығы өнімдері 23,2 млрд теңгеге жетті, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 25,1 млрд теңге, бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Сол сияқты ауданда шағын және орта кәсіпкерлік белсенділігі артып, жаңа жұмыс орындары ашылды.
Ауданда 76 км жол жөнделді, оның 49 км-і асфальт төселген. Бірнеше ауылда су жүйелері жаңғыртылды, әлеуметтік нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жыл басынан бері 4 797 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, спорт алаңдары салынды, Сарыөлең ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды. Медициналық нысандарға жөндеу жүргізіліп, жаңа жабдықтар алынды. Жылжымалы медициналық кешен іске қосылды, амбулаториялар желісін кеңейту жоспарланған.
Аулаларды, спорт алаңдарын, мәдени нысандарды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Интернет сапасы бірқатар ауылда жақсарды, жаңа байланыс мұнаралары орнатылды. Жалпы, Тарбағатай ауданы биылғы он айда әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты қарқынын сақтап, маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асырды. Біз алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді аудан әкімі Дархан Жөргекбаев.




