Тарбағатайдағы аудандық аурухананың медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы күрделі жөндеуден кейін ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Салтанатты шараға аудан әкімі Дархан Шомпайұлы, аудан әкімінің орынбасары Ержан Советбекұлы, аудандық аурухананың бас дәрігері, медицина қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Дархан Шомпайұлы жиналған қауымды айтулы оқиғамен құттықтап, денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру – ауданның әлеуметтік дамуындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Жөндеуден өткен орталықта тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге қажетті жағдайлар жасалған. Емхана бөлімшесімен қатар, балалардың өсуі мен дамуын бақылауға арналған Даму және ерте араласу орталығы ашылды. Мұнда педиатр, психолог және басқа да мамандар қызмет көрсетіп, балалардың денсаулығын бақылауға, даму ерекшеліктерін ерте анықтауға және қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, шұғыл және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын үйретуге арналған арнайы кабинеттер заманауи құралдармен жабдықталды.




