Тарбағатай ауданындағы Ақжар және Маңырақ ауылдарында ветеринария пункті ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Жаңа нысандардың ашылуына орай ұйымдастырылған іс-шараға аудан әкімі қатысып, ветеринариялық пунктілердің ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы маңызына тоқталды.
Жалпы Тарбағатай ауданында соңғы жылдары ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 2024 жылы облыстық бюджет есебінен аудандағы сібір жарасы бойынша 8 көму орны талапқа сай бетон қоршаулармен қоршалды. 2025 жылы ветеринария қызметіне 1 жүк көлігі, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге арналған 1 ДУК автокөлігі және 9 жаңа «Соболь» арнайы автокөлігі берілді. Аудандық бюджет есебінен Ақжар ауылдық округінде мал қорымының құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар сегіз ауылдық округте малды қамап ұстауға, егуге, емдеуге және профилактикалық шараларды ұйымдастыруға арналған арнайы орындар қарастырылып, ветеринариялық жұмыстарды тиімді жүргізуге жағдай жасалып жатыр.




