Республика күні қарсаңында Тарбағатай ауданының Жаңалық ауылында медициналық пункт ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Дархан Шомпайұлы, аудан әкімінің орынбасары Ержан Советбекұлы, аудандық аурухананың бас дәрігері Елжан Манарбекұлы, Ақжар ауылдық округінің әкімі Дәуітбек Қорғауұлы, медицина қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Дархан Шомпайұлы ауыл тұрғындарын құттықтап, жаңа медициналық пункттің ел игілігіне қызмет етіп, мұндағы мамандар тұрғындардың денсаулығын сақтауға үлес қосатынына сенім білдірді.
Тарбағатай ауданы дербес аудан болып құрылғаннан бері денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда 9 медициналық пункт салынып, халық игілігіне берілді.
Сонымен қатар аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі мен перзентхана ғимараты, Құйған және Тұғыл ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар күрделі жөндеуден өтіп, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сарыөлең, Шеңгілді, Жаңатілеу және Тәуке ауылдарындағы медициналық пункттер де жаңартылды.
Жаңалық ауылында ашылған жаңа медициналық пункт ауыл тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді етіп, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы маңызды қадам.




