Шығыс Қазақстан облысының спортшылары халықаралық жарыстарда маңызды жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Соның бірі Бекжан Рамиянов Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен армрестлингтен ересектер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, алтын медаль иеленді, деп хабарлайды F16.kz.
Ташкент төрінде өткен дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықтылар қатысты. Бұл чемпионатта ел намысын қорғаған Қазақстан спортшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, бірнеше жүлделі орынды еншілегенін айта кету керек. Ұлттық ұрама сапында жасындай жарқылдаған саңлақтар қатарында тарбағатайлық Бекжан Рамиянов та бар.
Бекжан Рамиянов Ақжар ауылында дүниеге келген, жасы 23-те. Қол күресімен табанды айналысқан талантты жас бұған дейін де бірнеше ірі халықаралық бәсекеде жеңіс тұғырының биігінен көрінген. Атап айтсақ, 2024 жылы Молдовада өткен армрестлингтен әлем чемпионатында бесінші орын алса, былтыр Өзбекстанда ұйымдастырылған жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.
Сонымен қатар ол Үндістанда өткен халықаралық Pro Panja лигасына қатысып, халықаралық аренада өзінің жоғары дайындық деңгейін, мықты төзімділігі мен қайсарлығын көрсетті.
Бекжанның спорттағы жолы мектеп қабырғасынан басталған. Алғашқы жаттықтырушысы — Серік Ысқақов. Тәжірибелі маман жас спортшының армрестлингке деген қызығушылығын оятып, алғашқы қадамын жасатқан. 2023 жылдан бастап Бекжан атақты армрестлинг шебері, жеті дүркін әлем чемпионы Еркін Әлімжановтың жетекшілігімен жаттығып келеді.
Осы жеңісінен кейін қысқа уақыт демалып алған соң Бекжан алдағы жарыстарға дайындықты бастайды. Бекжан Рамияновтың бұл жеңісін өңір спортындағы үлкен жетістік деуге болады.




