Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы «Айым» шаруа қожалығының иесі Дархан Тұрысбеков «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
«AMANAT» партиясы жүзеге асырып отырған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсетіп, елді мекендердегі кәсіптің көкжиегін кеңейтуде.
Кәсіпкер Дархан Тұрысбеков аталған жобасы аясында 5 миллион 900 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімдеп, 16 бас ірі қара мал сатып алған. Сонымен қатар ол ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қосып келеді.
«Ауыл аманаты» жобасы туралы естігеннен кейін «AMANAT» партиясының аудандық филиалына барып, жоба бойынша толық ақпарат алдым. Мамандар барлық бағытты түсіндіріп, қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесті. Кейін құжаттарымды жинақтап тапсырып, жеңілдетілген несие алдым. Қазір шаруашылығымды дамытып, мал басын көбейтіп жатырмын. Мал өсірумен ғана шектелмей, сүт өнімдерін де өндіреміз. Бұл ауыл тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, кәсібіміздің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берді. Ең бастысы – ауылда тұрақты жұмыс орындарын ашуға жағдай жасалды, – дейді кәсіпкер.
Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» аясында Тарбағатай ауданы бойынша түрлі бағыттағы 15 жоба қаржыландырылған.
Айта кетейік, партиялық жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған. Оның аясында ауыл азаматтарына жеңілдетілген несие беріліп, өз кәсібін бастауға немесе кеңейтуге қолдау көрсетіледі.




