Кейінгі кезде топырақты өлімді торқалы тойға айналдырып жіберген жоқпыз ба? Қара жамылып, қайғы жұтып отырған шаңырақта аста-төк ас беріп, қайыстырып дастархан жаю қаншалықты дұрыс? Бұл сұрақтардың жауабы Өскеменде өткен аймақтық Ақсақалдар форумда айтылды, деп хабарлайды F16.kz.
«Ас беру мәдениеті: салттың сабақтастығы, ұрпақтың ұлағаты» атты форумға Қазақстан мұсылманары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, өңірдің ақсақалдары мен дін өкілдері қатысты.
Бас мүфтидің айтуынша, бүгінде ел ішінде шариғат пен дәстүрге сай келмейтін, шындығынан жорамалы басым, пайдасынан зияны көп кейбір әдеттердің етек жая бастауы алаңдаушылық туғызып отыр. Мысалы, жақынынан айырылып отырған шаңырақ көпшілікке ас беру міндетіміз деп есептеп, шектен тыс шығын жасап, аста-төк дастархан жаяды. Бұл орташа табысы бар отбасыларға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан еске алу шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселесі шариғат қағидалары мен салт-дәстүр шеңберінде болғаны абзал. Осы орайда ҚМДБ имамдарының форумында “Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу” (тәртібі мен мәзірі) құжаты қабылданған.
Бүгінде елдегі кейбір ауқатты отбасылар асқа үлкен мал сойып, құрбан шалып жатқанда жағдай төмен отбасылар да олардан қалыспаймыз деп қарызданып, қауғаланып, ас беріп, шығынға батып жатады. Ал ислам діні артық шығынды құптамайды. Сол себепті ҚМДБ кезекті имамдар форумында құдайы аста ысырапқа жол бермеудің тәртібі мен мәзірі құжатын қабылдады. Ондағы мақсат – шариғат пен салт-дәстүрге сүйене отырып халыққа құдайы астың шын мәнін түсіндіру, ысырап пен мақтан үшін істелетін іс-әрекеттен арылу. Отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмау. Баршаға ортақ ас мәзірін белгілеп, бірізділікке түсіру. Осы құжаттың негізінде ас берудің мәдениеті қалыптасып, ысырап пен бәсекелестік жойылады деген сенімдеміз. Бұл бастаманы еліміздің әр өңіріндегі ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері қолдайды деп ойлаймыз, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Нәбиолда Кемешов қоғамды тәрбиелеу үшін алдымен аға буын өкілдері – қазыналы қариялардың өзі жөн білуі керек деді.
Қазіргі жастар ата сөзін тыңдамайды дейміз. Оған біз, аға буын өкілдері өзіміз кінәліміз. Біз түзелуіміз керек әуелі. Ысырапшылық деген бүгін пайда болған жоқ. Бұрыннан келе жатқан үрдіс. Соған біз кезінде тосқауыл қойып, жол бермеу керек еді. Қазір салдарын тартып отырмыз. Мейрамханада аста-төк ас беріп, дастарханға неше түрлі тағам қойып жатады. Бұл өлім шыққан үйге үлкен салмақ, ауыртпашылық, тіпті артық шығын. Бабаларымыз қаралы үйден үш күнге дейін дәм татпаған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдаған құжат қазіргі біздің қоғамға өте қажет және дер шағында қолға алынды деп ойлаймын. Халық енді құжатта бекітілген ас беру мәдениетін ұстанып, тәртібін бұлжытпай сақтаса кейінгі жас ұрпақ та осы жолмен жүреді, – деді Нәбиолда Кемешов.
ҚМДБ бекіткен құдайы ас берудің мәзірінде дастарханға қойылатын алты түрлі тағам көрсетілген. Олар: нан өнімдері (бауырсақ, шелпек), шәй мен су, ыстық тағам (ет немесе күріш), сары май, тары-талқан, қант-кәмпит. Міне, осыдан артық ештеңе керек емес. Тойдағыдай дастарханды қайыстырып жеміс-жидек пен өрік-мейізге толтырып қою қажет емес. Енді ондайға жол берілмейді. Ислам діні де, қазақтың салт-дәстүрі де ысырапты, жалған мақтангерлік пен бәсекені құптамайды.




