Бүгін Өскеменге Құрлық кубогының күміс жүлдегері – «Торпедо» хоккейшілері келеді. Аязға қарамастан спортшыларды қарсы алу үшін жанкүйерлер әуежайға жиналып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы өз тарихында алғаш рет Құрлық кубогының күміс жүлдесін иеленді. 2025-2026 жылғы маусымның финалдық кездесулері Англияның Ноттингем қаласында өтті.
Турнирдің шешуші кезеңінде өскемендік команда жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы кездесуде даниялық «Хернинг Блю Фокс» клубын 6:2 есебімен жеңсе, одан кейін Францияның «Дюк Д’Анже» командасымен ойынның негізгі уақытында тең түсіп, овертаймда 2:3 есебімен есе жіберді.
Ал алтын жүлде үшін өткен кездесуде қазақстандық клуб мұз айдыны иелері – «Ноттингем Пантерз» хоккейшілерімен шеберлік байқасты. Тартысты ойын 4:2 есебімен британдық клубтың пайдасына аяқталды. Турнир қорытындысы бойынша «Торпедо» жүлделі екінші орынды иеленді.
Бұл клубтың Құрлық кубогы бәсекесіндегі тарихи әрі ең үздік нәтижесі. Бұған дейін өскемендік хоккейшілердің ең жоғары жетістігі 2007-2008 жылғы маусымда жеңіп алған қола жүлде болатын.
Құрлық кубогындағы бұл жеңіс «Торпедоның» ғана емес, Қазақстан хоккейінің маңызды жетістігі деп айтсақ артық емес.




