Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы Континенталдық кубоктың топтық кезеңін сәтті бастады. Алғашқы матчта қазақстандық команда Данияның «Хернинг Блю Фокс» клубын 6:2 есебімен жеңді. Кездесу Ұлыбританияның Ноттингем қаласында өтті, деп хабарлайды F16.kz порталы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ойын барысында өскемендік хоккейшілер шабуылда да, қорғаныста да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Никита Колобов екі шайбамен көзге түссе, Михаил Рахманов, Максим Мусоров, Дмитрий Гренц және Илья Кляузов бір-бір шайбадан соқты.
«Торпедо» Еуропадағы ең беделді клубтық турнирлердің бірі саналатын Континенталдық кубокта Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғап жатыр.
Топтық кезең аясындағы келесі ойында өскемендік ұжым Францияның «Анже-Дакс» клубына қарсы мұзға шығады. Ал топ жеңімпаздары Континенталдық кубоктың алтын жүлдесі үшін тартысты 18 қаңтарда жалғастырады.




