Шығыс Қазақстан облысының оқушылары 9-11 сыныптар арасында өткен жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды F16.kz.
Білім бәсекесі 19-31 наурыз аралығында Қостанай, Астана және Алматы қалаларында ұйымдастырылды. Осы зияткерлік сайысында Шығыстың намысын қорғаған 35 оқушы физика, математика, информатика, химия, биология және география пәндері бойынша бақ сынап, ауыз толтырып айтарлық жетістікке қол жеткізді. Атап айтқанда, өңірдің команда қоржынына 17 медаль түсті. Оның ішінде төрт алтын, бес күміс және сегіз қола жүлде бар.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының құрамасы «Үздік олимпиадалық команда – 2026» номинациясы бойынша жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Алматы қаласында өтті.
Бұл жетістік өңірдегі білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте айғақтайды.




